×

ҚазМұнайГаз активтеріне бақылау күшейді

Барлық дерек құжатта көрсетілуге тиіс

 Дәурен Ерболат 25.09.2024 | 14:46
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Мемлекеттік аудиттен кейін «ҚазМұнайГаз» АҚ активтерінің өткізілуіне бақылау күшейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұлттық компания Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы шеңберінде өз активтерін өткізу шарттарының орындалуына бақылауды күшейтті.

Жекешелендіру саласындағы мемлекет саясатының тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша (2023 жылғы желтоқсан) ҚазМұнайГаз активтерін сатып алу-сату шарттарының орындалуын бақылаудың қолданыстағы жүйесі олардың орындалу талаптарының анықтығын қамтамасыз етпейтіні анықталды.

Осыған байланысты ұлттық компанияға жұмыс нормативтеріне қажетті өзгерістер енгізу тапсырылды.

Нәтижесінде ұлттық компания директорлар кеңесінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі шешімімен активтерді өткізу қағидалары жаңа редакцияда бекітілді. Мұнда бәсекелес ортаға берілетін заңды тұлға қызметінің бейінін, жұмысшылардың жалпы санын, олардың жалақы деңгейін сақтау сияқты және басқа да талаптар көзделген. Жаңартылған кағидаларға сәйкес активті өткізудің барлық талабы міндетті түрде сатып алу-сату шартына енгізіліп, одан әрі олардың орындалуын растайтын тоқсан сайынғы, жартыжылдық немесе жылдық есептер ұсынылып отыруға тиіс, - деп жазылған Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.

Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша басқа да тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама