Halyq Uni логотип
×

Жаңаөзенде жаңа электр стансасы салынады

Өңірге инвестиция тартылуы керек

 Дәурен Ерболат 25.09.2024 | 14:20
Жаңаөзенде жаңа электр стансасы салынады
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ол Жаңаөзен экономикасын әртараптандыру жоспарымен танысты. Бүгінде қалада 150 мыңнан астам адам тұрады. Болжам бойынша 2035 жылға қарай халық саны 200 мың тұрғыннан асады. Бұл өсімді ескерсек, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуды маңызды болып саналады.

Олжас Бектеновке Жаңаөзен мен оған іргелес жатқан ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен, тұрмысқа қажетті газбен және электр энергиясымен 100% қамтамасыз етілгені баяндады.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін су тазарту құрылысын жаңғырту – моноқаланың тіршілігін қамтамасыз етудегі маңызды жоба саналады. Нысанның қуатын арттыру үшін 2025 жылы 30 мың метр куб көлемінде су қорын жинақтау үшін резервуарлар салынады деп жоспарланып отыр.

Моноқаланың өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу электр энергиясының қосымша көлемін талап етеді. «ҚазМұнайГаз» АҚ мен итальялық ENI компаниясының өсіп келе жатқан қажеттілікті жабу үшін жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасын салу бойынша инвестициялық жоба басталды. Жоба ЖЭК бірлескен генерациясын (күн және жел энергетикасы) пайдалануды және газ электр стансасын салуды көздейді.

Сондай-ақ Жаңаөзенде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 1200 орындық заманауи мектепті пайдалануға беріледі. Келесі жылы тағы 2 жайлы мектептің құрылысы көзделген.

Сонымен қатар балалар мен жастарды жан-жақты дамыту үшін 350 орындық Bolashaq Sarayi оқушылар сарайының құрылысы басталды. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Үкімет басшысына қаладағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы барысы туралы баяндалды. Жобаны іске қосу халықтың қосымша газ көлеміне деген қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ең бастысы – өнеркәсіптің одан әрі дамуына және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін жасауға серпін береді.

Кәсіпорын 900 млрд метр куб ілеспе мұнай және табиғи газ қоспасын, сондай-ақ жылына 5 мың тонна газ конденсатын өндіреді. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында басталды, екі іске қосу кешенін толық аяқтау 2027 жылдың басына жоспарланған.

Премьер-министр газ өңдеу кәсіпорнының құрылысы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін кең ауқымда мультипликативті әсер беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында моноқалалар экономикасын әртараптандыруды қамтамасыз ету міндетін қойды. Адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аудару қажет. Жаңаөзенді Қазақстанның ірі моноқалаларының бірі ретінде жан-жақты дамытуға қолдау көрсету өте маңызды, - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет.

Инвестиция тартып, жұмыс орындарын ашу керек. Жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы да ерекше бақылауда. Президент бізге 3 газ өңдеу зауытын мерзімінде салуды тапсырған болатын. Олар – Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен зауыттары. Барлығының сапасы жоғары деңгейде болуы керек. Біз оны қадағалаймыз, - деді Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама