Түркістан облысында бірнеше СЭС салынып жатыр

Динара Амантай

Инвестициялық жобалар іске асқан жағдайда электр жарығының бағасы төмендейді

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы Төлеби ауданында Қаратөбе ауылдық округіндегі шағын су электр станциясы салынып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жеке инвестор «Тау Энерго» ЖШС тарапынан салынып жатқан станцияның қуаттылығы сағатына 3,2 МВТ құрайды. Сонымен бірге Жоғарғы Ақсу ауылдық округіндегі «Жасыл қуат» ЖШС аумағында шағын су электр станциясы салынып жатыр. Станцияның қуаттылығы – сағатына 2 МВТ.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, аталған нысандар 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Инвестициялық жобалар жүзеге асқан жағдайда тұрғындар үшін тұтынатын электр жарығының бағасы «Оңтүстік Жарық» мекемесі ұсынып отырған тарифтен төмен болмақ.

Сондай-ақ, екі станцияда 10 жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Бұған қоса Қаратөбе ауылдық округінде Балдыберек өзені арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары өзеннің тасуы кезінде біршама қиындықтарға тап болған. Халықтың сұранысымен көпірдің құрылыс жұмыстары басталып, биыл ел игілігіне тапсырылып отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме – «ABC Group KZ» ЖШС.

Сонымен қатар ауылда Қостөбе жалпы орта мектебінің құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылдың ақпан айынан бастап мердігер мекеме «Радуга-СН» ЖШС тарапынан ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде 150 орындықты мектептің есік-терезелері, жылу құбыры, едені және шатырына дейін толық жаңартылған.