Оңтүстік өңірлер қажет сумен қамтамасыз етілген
Биыл елімізде 100-ден аса су бекеті жөнделген. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Вегетацияға дайындық аясында министрліктің қызметкерлері 100-ден астам су бекетін жөндеп, қалпына келтірді, 700 шақырымнан астам каналды тазартты, мыңнан астам су құрылысы аттестаттаудан өтті. Сондай-ақ еліміздің 11 өңірінде 98 гидротехникалық құрылыс жөнделді, - деді Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл су тасқыны мен ірі трансшекаралық өзендер арқылы Қазақстанға айтарлықтай көп мөлшерде су келді. Мысалы, 1 қаңтардан «Боран» шегара маңы гидрологиялық бекетінің мәліметінше, Ертіс өзенінен 10 млрд текше метрден астам су келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
«Іле өзеніндегі «Добын» шекара маңы гидрологиялық бекетінің дерегінше, жыл басынан бері Қазақстанға 7,6 млрд текше метр су келді. Былтыр бұл көрсеткіш 6,2 млрд текше метр болған. «Январцево» шекара маңы гидрологиялық бекетінің мәліметінше, Жайық өзені арқылы биыл 1 қаңтардан еліміздің аумағына 15,6 млрд текше метр су келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. Былтыр Қазақстанға Жайық өзені арқылы 6,8 млрд текше метр су келген еді», - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ Мөлдір Әбдуалиева су дипломатиясының және көрші елдермен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік өңірлері қажет сумен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Биыл суару маусымында көрші елдерден келетін судың көлемі бұрын келісілген көлемнен артық болды. Мысалы, бүгінде Тәжікстаннан «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 565,2 млн текше метр су келді. Өткен жылмен салыстырғанда Өзбекстаннан 2 есе көп су келді, Шардара су қоймасына 4,7 млрд текше метрден астам су жіберілді.
Суару кезеңінде Қырғызстаннан Талас өзенімен 418 млн текше метр және Шу өзені арқылы 163 млн текше метр су келді. Былтыр Талас өзені арқылы 323,8 млн текше метр, ал Шу өзенімен 133,5 млн текше метр су келген болатын.
Нәтижесінде біз Арал теңізіне су жіберу көлемін арттырдық. Биыл солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді, ал теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Соңғы жылдары солтүстік Аралда су көлемі азайғанымен, 2024 жылдың басынан орташа су деңгейі қайта көтеріле бастады, - деді министрлік өкілі.