Қостанайда әлеуметтік орталықтың директорына қатысты іс сотқа жолданды
Ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қостанайда әлеуметтік орталықтың директорына қатысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2017 жылдың қазанынан 2024 жылдың тамызына дейінгі кезеңде «Қостанай қалалық тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдарды түрлі лауазымдарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталған.
Жұмыспен қамтылғандар жұмыс орындарына іс жүзінде бармаған әрі функционалдық міндеттерін орындамаған, ал басшы олардың шоттарына жалақы түрінде түскен қаражатты иемденген. Күдіктінің заңсыз әрекеті салдарынан мемлекетке 11 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2)-тармақшасы бойынша сараланған («Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамға теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қызмет бабын пайдалана отырып, iрi мөлшерде жымқыруы»), – делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.