Алматы облысында астықты терең өңдейтін зауыт салынады
Жоба нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр
Қытайлық CITIC Construction компаниясы Алматы облысында астықты терең өңдейтін зауыт салады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен ҚХР делегациясы өкілдерінің кездесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Делегация құрамына CITIC Construction ауылшаруашылық инвестициялық кеңесшісі Ян Цзинши, сондай-ақ Shanghai Sidacheng Biotechnology Co., Ltd, Shandong Jincheng Pharmaceutical, Fengshang Huinong компанияларының өкілдері кірді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелерін, сондай-ақ жылдық қуаты 300 мың тонна бидайды терең өңдеу жөніндегі өндірістік желіні салу жобасын іске асыруды талқылады.
Жобаның инвесторы – қытайлық CITIC Construction компаниясы. Инвестицияның жалпы көлемі – шамамен 1,07 миллиард АҚШ доллары, ал өнімнің жалпы құны – 1,87 миллиард АҚШ доллары. Жоба нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Жоба Алматы облысындағы «Қазбек бек» индустриалды аймағының аумағында іске асырылады. Зауыт мальтоза шәрбаты, фруктоза шәрбаты, кристалды фруктоза, аллюлоза, кристалды декстроза, натрий глюконаты, глютенді қосалқы өнімдер мен жем сияқты өнімдерді шығарады.