Енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесін полиция күзетеді

Дәурен Ерболат

Тарихи нысан мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізілді

Фото: primeminister.kz

Енді «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы мемлекеттік қорғауға алынады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіші саналады.

Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескеріп, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету үшін Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады. Объектінің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған. Кесене 8 бөлмеден тұрады. Олар Тайқазан тұрған ортадағы ең үлкен залды айнала орналасқан.

1385-1405 жылдар аралығында кесененің төңірегіне қосалқы ғимараттар салынған. Бүгінде мұражай-қорық аумағына мешіт, үлкен және кіші Ақсарай залдары, кітапхана және шаруашылық кешені: құдық, асхана, тұрғынжайлар (хұжралар) және тағы басқалары кіреді.

Бұған дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына ғимарат салуға болмайтыны хабарланған еді.