Әр сағаттың бағасы 11 мың теңге тұрады
Маңғыстау облысының Полиция департаменті 180 дана алтын жалатылған сағат сатып алмақ. Оның 80-і әйелдерге және 100 данасы ер адамға арналған. Бұған бюджеттен екі миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының полиция департаменті мемлекеттік сатып алушылар сайтына сағат сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Құжаттарда сағаттың алтын жалатылған болуы, ал аксессуардың бауы бұзау терісінен жасалуы керектігі атап көрсетілген, деп хабарлады Halyq Uni.
Механизм – жапон/щвейцариялықтан жаман емес. Механизмнің түрі – кварц. Сырты PVD Gold (алтын), қапталған (титан нитрид + 10 микрон алтын). Артқы қақпағы тот баспайтын болаттан жасалған. Шынысы – минералды, сызаттарға төзімді. Су өткізбейтін – кемінде 5 АТМ. Шаң/ылғалға төзімді. Циферблат – ақ эмаль, дөңгелек, диаметрі – кемінде 30 мм, өріс өндірушінің жазулары мен эмблемаларынан таза. Бауы – қара/қоңыр, аллергияға қарсы жабыны бар былғарыдан (бұзау терісі), қара/қоңыр жіптермен тігілген, - делінген сипаттамасында.
Анықталғандай, әр сағаттың бағасы 11 мың теңге тұрады. 80 дана әйелдер сағатының жиынтығына ведомство 880 мың теңге, ал 100 ерлер сағатына 1,1 миллион теңге бөлуге дайындалып отыр.
Тапсырыс берушінің тағы бір шарты – әдемі қаптаманың болуы. Лазерлік гравюра, артында – «ҚР ІІМ» логотипі және «МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ» деген жазу бар, - делінген техникалық сипаттамада.
Басылым мәліметінше, жеткізушілер әлі жоқ, өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр.
Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметі ведомствоның осындай сағаттарды ерекше көзге түскен құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне мереке күндері сыйлайтынын түсіндірді.