Өзбекстаннан әкелген шабдалыдан шығыс жеміс жемірі анықталды
2,58 тонна өнімді жою шаралары дер кезінде жүргізілді
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі Ақтөбе облысы аумақтық инспекциясының инспекторлары Өзбекстаннан әкелінген шабдалы партиясынан карантиндік зиянкес – шығыс жеміс жемірін (Grapholita molesta Busck) анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Орталық кедендік ресімдеу пунктінде карантиндік фитосанитарлық бақылау жүргізу кезінде салмағы 2,58 тонна жаңа піскен шабдалы партиясы тексерілді.
Партия Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Янгиюль ауданынан автокөлікпен жеткізілген. Жеміс үлгілері іріктеліп, Ақтөбе аймақтық карантиндік зертханасына жіберілді.
Сараптама шығыс жеміс жемірі барын растады.
Карантиндік нысанның таралуына жол бермеу мақсатында залалданған өнімдерді оқшаулау және жою шаралары дер кезінде жүргізілді.