Жетісу облысында 2 мың доза мефедрон тәркіленді
Сотқа дейінгі тергеу басталды
Жетісу облысында қара нарықта құны 20 млн теңге болатын мефедронды тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласының 34 жастағы тұрғынын есірткі таратқаны үшін ұстады.
Күдіктінің Toyota Yaris автокөлігін тексеру барысында ерекше иісі бар ақ заттың қапшығы табылды. Сараптама қорытындысна сәйкес, жалпы сомасы бір келі алынған зат «мефедрон» синтетикалық есірткісі болып шықты. Тәркіленген заттың нарықтық құны 20 миллион теңгеге бағаланады, бұл қара нарықтағы екі мың дозаға тең, – делінген полиция хабарламасында.
Есірткіні анықтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.
Полиция есірткі заттарын өндіру, сақтау, тасымалдау және аса ірі мөлшерде өткізу сияқты заңсыз әрекеттері үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады.