Ол 18 ғасырға жататын ерекше жәдігер
Астанада өткен 5 Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында өңір-өңірдің тарихи жәдігерлері ұсынылған киіз үй көрмелерінде Қызылорда облысы да көпке беймәлім дүниелерімен таныс етті. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Эльзира Хамитжанованың айтуынша, облыстық музей қоры осы көрмеге ең құнды деген үлгілерін алып келген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Әсіресе, шетел азаматтары жиі қызықтайтын біздің заманымызға дейінгі 4-2 мыңжылдықтарда өмір сүрген, Шірік-Рабат қалашығынан 2004-2005 жылдары табылған алтын киімді сақ жауынгері ерекше орын алады.
Тарихи дерек бойынша, Сыр бойындағы Сығанақ қалашығы қыпшақ тайпасының, қазақ елінің астанасы болған. Сол қаланың орнынан 2019 жылы батыс қорымынан табылған алтын әшекейлі Сығанақ ханшайымының реконструкциясы да Көшпенділер ойындары қонақтарының назарына ұсынылды.
Эльзира Нағашыбайқызының айтуынша, «Алтын адамның» бойында 2388 алтын жапсырма бар, түпнұсқасы музей қорында сақталған.
Одан бөлек, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түпнұсқа жәдігерлер, оның ішінде біздің заманымызға дейінгі Сақ өркениетіне жататын қола қазан, оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш ыдыстар да киіз үй ішіне қойылған.
Айта кетейік, Жанкент қаласы – Қазалы ауданы Өркендеу елдімекенінде орналасқан. Тарихи деректе кезінде сол жерде Селжұқ әскері тұрғаны, әскердің басшысы Санжар хан да сонда болғаны айтылады.
Ал жәдігерлер арасында ең құнды раритет – жоңғар дулығасы. Түпнұсқа күйінде әкелінген құнды тарихи дүние Сығанақ қалашынынан табылған, 18 ғасырдың мерзіміне кіреді. Оны 1968 жылы музейге әкеп тапсырған.
Одан бөлек, қазақы тұрмыста болған, бірақ ұмыт қалған, кейін Сыр шеберлерінің жаңғыртуымен тыныс алған дүниелер де көрініс тапқан. Мысалы, ортеке, тоғызқұмалақ тақтасы, қыздардың шашын тазалағышқа киетін шашқабы бар.
Қазақтар пайдаланған босмойын деген қару бар, қазір көп қолданыста жоқ. Одан бөлек, кесеқаптың түрлері. Әсіресе, алтын жамбы, күміс жамбы сынды Жамбы ату ойынының атрибуттары бар. Олардың әрқайсының арақашықтығы әр түрлі. Берілетін сыйақының өзі бөлек болатын болған. Мысалы, алтын болса, қымбаттау, дейді музей экскурсоводы.