Бұған президент тапсырмасы мен тексеріс нәтижесі түрткі болды
Жамбыл облысының полициясында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту әрі «заң мен тәртіп» қағидатын нығайту бойынша берген тапсырмасын іске асыру аясында, сондай-ақ Жамбыл облысы полиция департаментінде жүргізілген ІІМ инспекторлық тексеру қорытындысына сәйкес, бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жүргізілді, деп мәлімдеді Polisia.kz.
Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин мен оның орынбасарлары Құрмет Мажикенов, Нұржан Рахметуллаев, Қанат Сматов, Бауыржан Удергенов, сондай-ақ ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Алмас Қожашев қызметінен босатылды, – делінген ақпаратта.
Облыстық полиция ведомствосының жаңа бастығы болып бұрын көліктегі полиция департаментін басқарған Бақытжан Малыбаев тағайындалды. ПД бастығының бірінші орынбасары қызметіне Мақсат Қанапяев, ал орынбасарлары болып Бауыржан Жанаев, Жайдарбек Құттыбаев және Мұхтар Аманбеков тағайындалды.
Ішкі істер министрлігі полиция жұмысын оңтайландыру әрі оның тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды жалғастырады.