Түркістан облысында 775 үкіметтік емес ұйым тіркелген
Түркістан облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды ауылдық жерлерде дамыту жұмысына үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл жергілікті өзін-өзі басқаруды ауылдық жерде дамытудағы ҮЕҰ-ның рөлі жобасы аясында Түркістан облысының аумағында үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтардың әлеуетін арттыру мақсатында 200 адамға семинар-тренингтер ұйымдастырылған. Жоба аясында шағын грантқа 7 000 000 теңге қаралып, 12 шағын грант иелері анықталды. Бұл туралы «Түркістан облысы Азаматтық Альянсы» ЗТҚ атқарушы директоры Ақмарал Әбдінәбиева айтты.
Мемлекет Басшысы азаматтық қоғам институттарына, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне аса зор маңыз беріп отыр. Нәтижесінде, жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау көлемі артып келеді. Үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық шараларға кеңінен тарту жұмыстары тоқтаған емес, - деді ол.
Өңірлік азаматық альянс қауымдастығы былтыр ҮЕҰ мен жеке тұлғаларға 60-қа жуық кеңес берілген. Ал биылғы жылы 56 заңды және жеке тұлғалар түрлі сауалдарына онлайн, офлайн форматта заң аясында консультация алған. Сондай-ақ өткен жылы Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолдау көрсету және әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне үкіметтік емес ұйымдарды тарту жұмыстарын жүргізу» жобасы алты ай көлемінде жүзе асқан.
Жоба аясында жалпы 6 000 000 теңге шағын гарант үлестірілді. 12 шағын грант иелеріне 500 000 теңгеден табысталды, олар сол қаржыға өз жобаларын жүзеге асырды, - деп қосты Ақмарал Әбдінәбиева.
Атап айтқанда, грант қаржысына «Аналар-асыл жандар» мен «Кәсібім-несібім» жобасы екі адамдық тігін орнын ашты. «Асар» қоғамдық бірлестігі «TERISKEI SPORT» жобасы спорттық жаттығу алаңын құрды. «Баба мұрасы» бірлестігі «Тұған өлкемнің ластануына жол бермеймін» жобасы жастармен тазалық жұмысын жүргізді. Сондай-ақ «Жігерлі ел» ұйымы «Жарқыраған – Қызылкөпір» жобасы бір көшеге күн энергиясынан қуат алатын шамдар орнатса, «Замир» ҚБ «Қауымдастыққа негізделген туризм» жобасы Түлкібас ауданында туризмді дамыту бойынша семинарлар өткізді. «Мейрім» ҚБ «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» жобасы шардара су қоймасының маңына қоқыс жәшіктер қойып, тазалау жұмыстары жүргізген. Ал «Түркістан облысының Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесінің Сауран ауданы филиалы» ҚБ «Ауыл саябағы» жобасы Нұртас ауылында ауыл тұрғындарымен соғылған саябаққа орындықтар мен қоқыс жәшіктер орнатқанын атап өтті. Сондай-ақ, «Угам» ҚБ эко бастамаларды қолдау орталығы, «Өмір ырғағы» ҚБ «Отырар ауданы отбасы құндылықтарын насихаттау орталығы», «Дара Ұрпақ» ҚБ «Ресурсты әйел» жобасы аясында 30 әйелдің жеке өсуіне жағдай жаса, «Ордабасы аудандаық әйелдер кеңесі» ҚБ «Отбасы құндылықтары. Зорлық зомбылықсыз отбасы – бақытты отбасы», «Эко-Атамекен» ҚБ «Әр түрліміз – бірдейміз!» секілді бірқатар жобалар жүзеге асқан.
Сонымен қатар биыл білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу, азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау, мәдениет пен өнерді дамыту, азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу, волонтерлік бастамаларды дамыту және қолдау бағыттарындағы жобалар 300 000 мен 1 000 000 теңге аралығында қаржылай қолдау алған.Сондай-ақ аудандық және қалалық ішкі саясат бөлімдері мен ҮЕҰ өкілдерімен тәжірибе алмасу іс-шарасын ұйымдастырды. Шара барысында қаламызда орналасқан «Дара ұрпақ» қоғамдық бірлестігінде аудандық және қалалық үкіметтік емес ұйымдар тәжірбие алмасты. Жоба аясында ҮЕҰ арналған «Жобалық менеджмент» және «Азаматтық қоғам институттары» атты кітапшалар дайындалды.
Бұған қоса, Ақмарал Әбдінәбиева өңірдегі ҮЕҰ-дар азаматтық қоғам институтының қалыптасуына мол үлес қосып, үлгі көрсетіп жүргенін атап өтті. Түркістан облысында азаматтық сектордың Ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде, отбасылық және гендерлік саясаттың принциптері мен тәсілдерін жүзеге асырудағы рөлі тақырыбында ХІ Азаматтық форумы өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров пен «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» Заңды тұлғалар қауымдастығы нысанындағы бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева қатысқан форумда өзекті мәселелер сөз ортаға салынды.
Форум барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі азаматтық қоғам институттары отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар шетелдік қорлардың гранттарын жеңіп, түрлі бағыттарда жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтқан болатын.
Осы жиынды пайдаланып, үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдағы аса өзекті проблемаларды бірге шешуге шақырамын. Мәселені айтып қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсыну маңызды. Атап айтқанда, өңірімізде лудоманияға қарсы күресті жүйелеу, қаржылық сауаттылықты арттыру, ана мен бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту маңызды болып отыр. Облысымыздың негізгі драйверлері – ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік. Жұмыссыздық – біздің өңіріміздің ең басты проблемасы. Бұл салаларды дамытуға да қоғамдық ұйымдардың қайраткерлігі қажет. Сондықтан қоғамдағы осы проблемаларды шешу бағытында үкіметтік емес ұйымдарынан тың жобалар күтеміз. Оған қолдау көрсетіледі, – деген болатын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Биыл Түркістан облысының ҮЕҰ арасында қажеттіліктерін бағалау сауалнамасын жүргізіліп, аналитикалық баяндама әзірленді. ҮЕҰ арналған «Жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу бойынша қоғамдық қатысудың механизмдері» атты кітапша дайындалды. Айта кетейік, өңірдегі отбасы құндылықтары мен әйелдер мәселесі тұрақты назарда. Мәселен, осы жылы отбасы істері және гендерлік саясатты жүзеге асыру жобасы аясында 13 семинар тренинг ұйымдастырылған. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Еңбегі жанған арулар» республикалық іскер әйелдер форумы өтті. Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Президенті, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сарсембаева Раушан Біргебайқызы қатысқан.
«Форумның негізгі мақсаты - Қазақстанның іскер әйелдерінің қоғамдағы ролін арттыру, әрі әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қарапайым жұмыскер әйелдерді дәріптеу, іскер әйелдердің мәртебесін өсіру, қоғамның кең ауқымды өзекті мәселелерін шешу үшін әйелдер бастамаларын дамыту. Салтанатты шара барысында, ел дамуына үлес қосып жүрген 20-ға жуық қыз-келіншекке Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды» деді Ақмарал Әбдінәбиева.
Еске салсақ, Түркістан облысында 775 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Келесі жылы өңірде XII Азаматтық форумын өткізу жоспарланып отыр.
Пернебай Сапаров