БҚО-да 100 млн теңгенің жері жүз есе арзанға сатылған
Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы сотталды
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында жалпы ауданы 45,9 гектар жер телімдері бау-бақша және саяжай құрылысына сатып алу құқығымен азаматтардың жеке меншігіне заңсыз берілген, деп хабарлайды Halyq Uni..
Учаскені жеке меншікке беру кезінде белгіленген төлемнің базалық мөлшерлемесі негізсіз төмендетілгені, осылайша учаскелер 1,1 млн теңге көлемінде төмен бағамен сатылғаны анықталды, ал нақты бағасы 107,3 млн теңге болған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығына қатысты қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізді. Қылмыстық іс аудандық сотқа жіберілді.
2024 жылдың 16 қыркүйегінде сот айыпталушыны кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу туралы талап толығымен қанағаттандырылды.