Министрлік елімізде қасқырдың саны артқанын мәлім етті
Биыл 176 қоңыр аюды (Тяньшань аюынан басқа) және 5 947 қасқырды аулауға болады
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ел аумағында қасқыр санының артқанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомствоның мәліметінше, қазір қасқырлар санының шамалы өсуі (2022 жылы – 13 819 және 2023 жылы – 15 181) байқалады.
Сондай-ақ министрлік өкілдері қасқыр мен аю ату мүмкіндігіне қатысты да пікір білдірді.
«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңның 29-бабы 1-тармағына және 45-бабына сәйкес, жануарлар дүниесі объектілерін алып қою лимиті жануарлар дүниесі объектілерінің санын есепке алу материалдары, олардың мекендеу ортасы, ғылыми зерттеулер мониторингі негізінде дайындалған биологиялық негіздемеге сәйкес айқындалады және оны уәкілетті орган бекітеді. Жануарлар түрлерінің санын реттеу биологиялық негіздемеге сәйкес жүргізіледі, - деп хабарлады Экология министрлігі.
2023 жылға арналған биологиялық негіздемеге сәйкес, 124 қоңыр аю және 4 383 қасқырды аулауға квота белгіленген. Ал биыл 176 қоңыр аюды (Тяньшань аюынан басқа) және 5 947 қасқырды аулауға болады. Аюлар мен қасқырлардың саны артқан жағдайда, оларды атуға арналған лимит ғылыми ұсыныстарға сүйеніп арттырылуы мүмкін.