Halyq Uni логотип
×

Ұлытау облысында тұңғыш ет комбинаты ашылды

Комбинат тәулігіне 3 мың консерві шығарады

 Ербол Тұрымбет 23.09.2024 | 16:25
Ұлытау облысында тұңғыш ет комбинаты ашылды
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Өндіріс орны Жаңаарқа ауданында ашылған. Ол ет өнімдерін қайта өңдеп, тәулігіне 3 мың консерві шығармақ немесе 230 тонна ет өнімдерін өндіру көзделген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімдігі мәліметінше, кәсіпорынның аумағы 1000 шаршы метрден асады. Ғимараттың өз зертханасы, консерві цехы, мұздатқыш және тоңазытқыш камералары, қоймалары бар. Мал сою базасы, тері сақтайтын орны мен ішек-қарын аршу цехы дейін жасақталған.

Консервілер қой, жылқы, сиыр етінен жасалады. Оған қоса, манты, тұшпара, котлет тағамдарын жасау да қарастырылған. Бұл өнімдерін Қарағанды, Жезқазған қалаларына және Жаңарқа ауданына өткізіп отырмақ.

Комбинат орналасқан 4 гектар аумақтың жанында қызметкерлерге арналған жатақхана, асхана, қонақ бөлме ғимараты орналасқан. Бүгінде жаңа өндіріс орны 20 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Жобаның құны – 1 417,3 млн теңге. Оның ішінде 744 млн теңгесі инвестордың өз қаражаты болса, 673,3 млн-ы «Агробизнес» бағдарламасы арқылы несиеге алынған.

Жобаның І кезеңі бойынша 2021-2023 жылдары 4 бірдей мал шаруашылығы кешені салынып, оған мал сатып алынған. Екінші кезеңі ретінде комбинаттың өзі ашылып отыр. Әзірге еттің бәрі сол қоралардан алынады. Кейін өндіріс көлемі ұлғайған шақта тұрғындардан сатып алу көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама