Halyq Uni логотип
×

Түріктерге жол құрылысы үшін төленген 5,9 млрд теңге қайтарылды

Биылғы маусымда мердігер бітімгершілік келісімге қол қоюды ұсынды

 Динара Амантай 23.09.2024 | 15:05
Түріктерге жол құрылысы үшін төленген 5,9 млрд теңге қайтарылды
Фото: Halyq Uni

Түрік компаниясына төленген 5,9 миллиард теңге көлеміндегі алғытөлемді қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әділет министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 25 қазанда Көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті «F&A Road Construction» компаниясымен «Құрты-Бурылбайтал» автожолын қайта жаңартуға келісімшарт жасаған. Комитет техниканы жұмылдыру және материалдарды дайындау үшін 5,9 миллиард теңге көлемінде алғытөлем аударған. Алайда мердігер өз міндетіне уақтылы кіріспей, келісімшарт 2022 жылдың мамырында біржақты бұзылған. Комитет алғытөлемді бейбіт жолмен қайтаруға тырысқанмен, оң нәтижеге жетпеген.

Үкіметтің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігінің бастамасымен 2024 жылдың сәуірінде «White & Case LLP» заң фирмасымен бірлесіп, Париждегі Халықаралық сауда палатасының төрелік сотына өтініш берілді. Нәтижесінде, 2024 жылдың маусымында мердігер бітімгершілік келісімге қол қоюды ұсынды, ал 2024 жылдың 28 тамызында комитет келісімге қол қойды. Осы келісімге сәйкес мердігер 2024 жылдың 26 қыркүйегіне дейін 5,9 миллиард теңге аванстық төлемді қайтаруға, сондай-ақ Әділет министрлігінің қызметтері үшін 280 мың доллар және төрелік жарнаның 85 мың доллар заңды шығындарын өтеуге міндеттенді.

Осылайша, Әділет министрлігінің үйлестіруімен тартылған мемлекеттік органдардың кешенді жұмысының арқасында мемлекеттің құқықтарын қорғауға, заң кеңесшісін тарту шығыстарын өтеуге, сондай-ақ мәселені қымбат төрелік процесте қарауға жол бермеуге мүмкіндік туды. Міндеттемелерді орындамауға және жол мердігерлерінің алғытөлемдерді қайтармауына байланысты тағы үш ұқсас әлеуетті даулардың болуын ескере отырып, бұл іс мемлекеттің өз мүдделерін қорғаудағы және бюджет қаражатын қайтарудағы тиімділігін көрсетеді, – делінген министрлік хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама