Дәрігерлердің көлігін ұрлаған күдікті ұсталды
Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қостанайда медицина қызметкерлерінің көлігін ұрлап кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 19 қыркүйекке қараған түні науқастың шақыртуына барған жеке клиника дәрігерлерінің көлігі ұрланған. Тәртіп сақшылары оқиға жөнінде хабар алғаннан кейін бірден «Ұстау» іс-шарасын өткізді.
Күдіктіні қолға түсіру барысында 39 жастағы жүргізушіден ішімдіктің иісі шығып тұрды. Алайда ол медициналық тексеруден бас тартты. Полицейлердің заңды талаптарын орындамағаны үшін сот оған 15 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды, – делінген хабарламада.
Көлікті заңсыз айдап кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.