Әлеуметтік жауапкершілік: Қазақстанда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру қалай жүріп жатыр

Динара Амантай

Былтыр 1 миллионнан аса адамға көмек көрсетілді

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда түрлі бағытта қызмет ететін қайырымдылық ұйымдары мен қорлар санының өсуі байқалады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 2012 жыл қабылданған қарарымен бекітілген Халықаралық қайырымдылық күні жыл сайын 5 қыркүйекте атап өтіледі. 2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында халық арасында әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың бір тетігі ретінде қайырымдылық мәдениетін қолдауды көздейтін «Қайырымдылық туралы» Заңға өзгерістер енгізілді.

Заңға енгізілген түзетулердің нәтижесінде елдегі қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік меншік нысандарын пайдалануда жеңілдіктер беріле бастады. Сондай-ақ, қоғамда мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге, әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау білдіруге әрі түрлі қоғамдық бастамаларды дамытуға бағытталған шаралар көлемі кеңейіп жатыр.

Қазақстандағы бірқатар компания мен бизнес өкілдері маңызды әлеуметтік бастамаларға барынша қолдау көрсетуді қолға алды. Осылайша, кәсіпкерлер қоғамда әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, нақты мәселелерді шешу үшін өз ықпалын тигізіп жатыр.

Республика бойынша мемлекеттік жүйеде 1 мың 371 қайырымдылық ұйымы тіркелген. Олар медициналық көмек көрсетуден бастап қоршаған ортаны қорғау мен білім беру ісіне дейін әртүрлі саланы қамтып отыр. Бүгінде олардың саны күннен күнге өсіп жатыр, – делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес, қайырымдылық ұйымдарымен қатар қарапайым белсенді қазақстандықтарды біріктіретін еріктілер ұйымдары мен бастамалардың саны да артып келеді. Елімізде 740 волонтерлік ұйым және 1 мың 800 бастамашыл топ жұмыс істеп жатыр.

Соңғы жылдары Қазақстанда 12 мыңнан аса ауқымды қайырымдылық акциясы мен науқан өткізілді. Азаматтардың 27%-дан астамы елдегі қайырымдылық акциялары мен түрлі әлеуметтік жобаларға қатысады. 2023 жылы қайырымдылық қорлары мен волонтерлар 1 миллион мұқтаж адамға көмектесті, – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство өкілдерінің ақпаратына сәйкес, бірқатар компания әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығына мән беріп, елдегі қайырымдылық жобаларына белсене атсалысып жатыр. Атап айтқанда, көптеген ірі корпорация жеке қорларын құрады, болмаса қолданыстағы бастамаларға қолдау көрсетеді. Бұған қоса белгілі бір қаржыны жинау және көмек көрсету мақсатында маңызды іс-шаралар ұйымдастырады.

Сонымен бірге соңғы уақытта мемлекеттік органдар да қайырымдылыққа ден қоя бастағаны байқалады. Олардың тарапынан әлеуметтік жобаларды қолдау, түрлі қайырымдылық ұйымдарына грант бөлу әрі оларға салықтық жеңілдіктер беру сияқты шаралар іске асырылып жатыр. Аталмыш іс-шаралар елдегі үкіметтік емес ұйымдардың артуы мен тұрақты түрде қызмет етуіне ықпалдасады. Осының нәтижесінде мемлекетте қайырымдылық мәдениетінің қалыптасуына оң әсерін тигізеді.