Құны 254 млн теңгеден асатын жерлер жекеменшікке заңсыз берілген

Динара Амантай

Қадағалау актісі бойынша учаскелер мемлекетке қайтарылды

Фото: Halyq Uni

Қостанай облысының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуын талдау барысында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қостанай қаласында кәсіпорынға конкурстық рәсімнен өтпей, кадастрлық құны 254 миллион теңгеден асатын 15 гектар жер учаскесі негізсіз берілген. Қадағалау актісі бойынша жер учаскесі мемлекетке қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ, Жітіқара ауданында қадағалау актісіне сәйкес жалпы ауданы 1 мың гектардан асатын 3 жылдан астам пайдаланылмай келген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды. Учаскелердің кадастрлық құны – 39 миллион теңге.

Жалпы, 2024 жылдың өткен кезеңінде прокурорлық ден қою шараларымен жалпы құны 1,2 миллиард теңгеден асатын 53 мың гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды.