Суды тиімді пайдаланудың өңірлік стратегиясы әзірленбек
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрлер Сырдария өзеніндегі су бекеттерін автоматтандыру мен суды есепке алуды цифрландыру жөнінде пікір алмасты. Қазақстан мен Өзбекстан аталған өзендегі 10 бекетте заманауи суды есепке алу жүйесін орнату туралы келісімге келді, - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
Нұржан Нұржігітов халықаралық қаржы ұйымдарымен және компаниялармен жобаны бірлесіп іске асыру бойынша келіссөз жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында су қоймалары жұмысының болжамды кестесі жасалып, су беру көлемі бекітіледі.
Халықаралық Аралды құтқару қорының отырысына белсенді қатысқан және ұсыныстарымен бөліскен өзбекстандық әріптестерімізге рақмет айтамын. Бір жыл ішінде бірлескен жұмысымыздың оң нәтиже беретініне көз жеткіздік. Сондықтан екіжақты тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз. Көптеген мәселе бойынша біз ортақ келісімге келдік. Бұл бізге күн тәртібіндегі мәселелердің көпшілігін өзара тиімді негізде шешуге мүмкіндік береді, – деді Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі.
Шавкат Хамраев Өзбекстан ХАҚҚ аясында да өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
«Өзбекстан Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығын толық қолдайды. Біз осы бағыттағы өзара іс-қимылды күшейтіп, бірлескен жобалармен жұмыс істегіміз келеді. Мысалы, Сырдария және Амудария өзендері бассейндерінің экожүйесін сақтау, жергілікті тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын және жергілікті су айдындарын қалпына келтіру және тағы басқа іс-шараларды іске асыруға ниеттіміз, – деді Өзбекстанның су шаруашылығы министрі.
Бұдан бөлек, тараптар су ресурстарын ұтымды пайдаланудың өңірлік стратегиясын әзірлеу мәселесін талқылады. Келіссөз қорытындысы бойынша министрлер кездесу хаттамасына қол қойды.