×

СҚО-да 25 жастағы әйел гаражда босанып, баласын қағаз қорапқа салып кеткен

Бала қазір перинаталдық орталықта жатыр

 Халық үні 21.09.2024 | 21:09
фото: freepik.com

Оқиға өңірдің Ғабит Мүсірепов ауданында болған. 25 жастағы әйел жергілікті ауруханаға қан кетуіне байланысты шағыммен жүгінген. Дәрігерлер тексеру барысында науқастың бала босанғанын анықтап, полицияға хабарлаған. Полиция әйелдің сәбиді гаражда босанып, сол жердегі қорапқа салып кеткенін анықтады, – деп хабарлайды Halyq Uni.

Нәресте шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.

Бала перинаталдық орталықта. Қазір жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында. Әйел аудандық ауруханада жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық, – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Облыстық полиция департаменті аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

25 жастағы әйел Ғабит Мүсірепов атындағы орталық аудандық ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің гаражда бала босанғаны анықталды. Бұл факті бойынша «Қауiптi жағдайда қалдыру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұл бап бойынша 100 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту немесе 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама