Қазір өңірде көмірдің тоннасы – 19 850-22 000 теңге
Түркістан облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылуда және өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Жалпы аймақта 34 жылу энергетика кешені және 1 622 автономды қазандық бар. Бұл туралы брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеді.
Облыстың көмір отынына қажеттілігі - 700,9 мың тоннаны құрайды. «ҚТЖ» АҚ ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда облысқа 189,8 мың тонна көмір кіргізілген (27,1%). Шымкент қаласына жақын орналасқан Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам аудандары Шымкент қаласындағы көмір қоймаларынан тасымалдайды. Ал облыстың жылыжайлары үшін қажетті көмір көлемі - 282,9 мың тонна. Жылыжай иелері қажетті отынды алу үшін тікелей «Шұбаркөл» АҚ-мен келісімшартқа тұрған. Сондай-ақ бюджеттік мекемелер үшін 99,8 мың тонна көмір сатып алу жоспарланып, бүгінгі күнге 91 пайызы жеткізілді. Қазір аймақта қара отынның тоннасы – 19 850-22 000 теңгеден саудалануда. Бұдан бөлек, облысқа қажетті 7,8 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітілді. Тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, -деп баяндады сала басшысы.