Құрылысы мердігер мекемелердің жауапсыздығынан әрқайсысы 4 жылға жуық тұралап қалған
Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сүйемелдеуіндегі Қазығұрт ауданындағы «Айнатас» атындағы және Отырар ауданындағы Ж.Егембердиев атындағы негізгі мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда қос мектепте 300-ден аса бала білім алуда.
Бюджет қаржысына салынған жаңа білім беру ордаларының құрылысы мердігер мекемелердің жауапсыздығынан әрқайсысы 4 жылға жуық тұрақтап қалған.
Қазығұрт ауданындағы Атажұрт ауылы бұған дейін мектебі жоқ елді мекендер қатарында болған, яғни осы ауылдағы алғашқы мектеп. 200-ден аса оқушы ұзақ уақыт бойы 3,5 шақырым жол жүріп, көрші ауылдың мектебіне барып білім алуға мәжбүр болған.
Жаңадан салынған білім беру мекемелерінде оқу сыныптары мен асхана, ойын алаңдары мен спортзал, зертхана мен шеберханалар қажетті құрылғылармен жабдықталған.
Айта кетейік, өңірлік Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына облыс аумағында тапсыру мерзімдері бұзылған 8 әлеуметтік нысан енгізілген болса, бүгінгі күні 3 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні, мониторингімізде Төлеби ауданындағы 2 көпір мен Ордабасы ауданындағы 3 мектептің құрылыс объектілері бар.
Ұзақ мерзімді әлеуметтік нысандардың құрылысына Департаментпен бірге Антикор еріктілер де белсенді қоғамдық бақылау орнатуда.