Оларды орнатуға 53,7 мың текше метр бетон және 42 мың тонна арматура жұмсалған
Астанада LRT тіректерін тұрғызу жұмыстары 100 пайыз аяқталды. City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, жоспарланған 799 тіректің барлығы орнатылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
CTS ЖШС-ның өкілдері Instagram-дағы ресми парақшасында жеңіл рельсті транспорттың (LRT) 22 шақырымдық эстакадалық жолының құрылысы аяқталғанын мәлімдеді. Берілген ақпаратқа сәйкес, жоспарланған 799 тірек орнатылған. Бұл жұмыстарға 2,5 мың адам тартылған.
Компания өкілдерінің мәліметінше, тіректерді орнатуға 53,7 мың текше метр бетон және 42 мың тонна арматура жұмсалған.
Тіректің төменгі бөлігінің ені – 2-2,4 метр, жоғарғы бөлігінің ені – 6,8 метр, биіктігі трассаның рельефіне байланысты – 5-тен 18 метрге дейін. Бір тіректің орташа салмағы 200 тонна болады, - деді компания өкілдері
Еске сала кетсек, 2022 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жобасы қазақстандықтарды алаңдатып қана қоймай, ашуландыратынын мәлімдеген еді. Сол жылдың қыркүйегінде Астана қаласының сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов елордадағы жеңіл рельсті транспорт құрылысын аяқтау туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Кейін Қаржы министрлігі LRT-ны қандай қаражатқа аяқтайтынын түсіндірді. Қазан айында премьер-министр Әлихан Смайылов Астанада LRT құрылысын жалғастыруға тағы 20 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ал былтыр елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жобаға жүздеген миллиард теңге қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.