×

Қызылорда облысында АЭС-тің маңыздылығы талқыланды

Штаб мүшелері өңірдегі бірқатар еңбек ұжымдарына барды

 Халық үні 20.09.2024 | 16:08

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб Қызылорда қаласына келді. Мұнда халықпен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қызылордада «Анаға тағзым» орталығында өңірдегі аналар қауымымен кездесу өтті. Штаб мүшелері елімізде ана мен баланы қолдау мәселесіне айрықша назар аударалатынын атап өтті. Жыл сайын әлеуметтік төлемдер сомасы өсіп келеді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастады, ал жуырда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі.

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов әр ана баласының денсаулығы мен жарқын болашағына ерекше мән беретінін атап өтті. Оның пікірінше, АЭС – экологиялық тұрғыда ең таза, қауіпсіз энергия көзі. Атом электр станциясының құрылысы көмір өнімдерін пайдалануды едәуір қысқартып, қалалардағы ауа тазалығын қамтамасыз етеді.  

Бәріміз мықты да, тәуелсіз Қазақстанда, экономикасы дамыған, болашағы жарқын елде өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ өсіргіміз  келеді. Атом энергетикасы – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін, келешекке бағдарланған қадам. Сондықтан, 6 қазанда атом электр стансасын салуға дауыс бере отырып, біз, ең алдымен, келешек ұрпағымыздың жарқын болашағының негізін қалаймыз, - деді ол.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Қазақстанда АЭС салуға қажет ғылыми-техникалық база мен кадрлық әлеует бар екенін айтты. Атап айтқанда, Алматыда қуаты аз реактор 60 жылға жуық табысты жұмыс істеп келеді. Онда 700-ден астам адам еңбек етеді. Медицинадан бастап өнеркәсіпке дейінгі түрлі бағыт бойынша зерттеулер жасалады. Барлық жұмыс МАГАТЭ-ның тікелей бақылаумен жүргізіледі. Мұның бәрі АЭС салу кезінде пайдаланылады. Кездесуге келген көпбалалы аналар АЭС түрлі салада – үйдегі жылу мен экологиядан бастап, бизнесті дамытуға және жаңа кәсіпорындардың пайда болуына дейінгі мультипликативті әсер беретін ауқымды жоба екенін атап өтті.  

Бұдан соң штаб мүшелері бетон өндірілетін зауытқа барып, құрылыс саласының өкілдерімен кездесті. «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров бейбіт атом құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Мәселен, АЭС салу кезінде отандық құрылыс компаниялары жоғары жүктеме алады. Яғни, тек атом станциясы ғана емес, сонымен қатар ілеспе инфрақұрылым да қоса салынады: кірме жолдар, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары.

Сондай-ақ Dalatex тігін фабрикасында штаб мүшелері кәсіпорынның еңбек ұжымымен өнеркәсіптік нысандарды тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызын талқылады. Қызылорда облысында соңғы екі жылда электр энергия тұтыну көлемі артқаны байқалады. Өңірде ондаған тұрғын-үй, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар іске қосылды. Бұл желідегі электр қуатының 23%-ға төмендеуіне әкеліп соқтырды. Атом электр станциясы осы мәселені шеше алады. Қолданыстағы ЖЭО-мен салыстырғанда оның артықшылығы әлдеқайда жоғары, деді штаб мүшелері. 

Сонымен қатар халықтық штаб өңірдегі ғана емес, ел аумағындағы жетекші мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі саналатын «Торғай-Петролеумға» барды. Мұндай ірі кәсіпорындар жүйелі жұмыс істеуі үшін тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзі қажет. Мұнайшылар алдағы референдумда АЭС құрылысына дауыс беруге ниетті екенін атап өтті.  Одан соң кездесу Сырдария ауданы Ақжарма ауылында жалғасын тапты. Тұрғындармен әңгімелесу барысында штаб мүшелері ауылдық аумақтарды дамыту ісінде атом электр станциясы ашатын перспективаларға егжей-тегжейлі тоқталды. «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев күн ертең электр энергия тапшылығы туындай қалатын болса, бұл алдымен ауылдық жерлерде сезілетінін атап өтті. Осы орайда, ол ауыл тұрғындарын 6 қазанда ел игілігі үшін маңызды шешім қабылдауға және АЭС құрылысын қолдауға шақырды.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама