Halyq Uni логотип
×

Шымкенттіктер Дүниежүзілік тазалық күнін қолдады

Бұл күн қыркүйектің үшінші жексенбісінде аталып өтіледі

 Халық үні 20.09.2024 | 15:33
Шымкенттіктер Дүниежүзілік тазалық күнін қолдады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) жыл сайын қыркүйектің үшінші аптасында өтеді. Бүгін Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, оған қала жұртшылығы белсенділік танытты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.  Осыған орай Абай ауданының тұрғындары мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары Ынтымақ шағын ауданында орналасқан әужайдың жаңа терминалының маңын тазалады. Әл-Фараби ауданының тұрғындары Қошқар ата өзенінің, Еңбекші ауданының белсенді тұрғындары «Орманшы» тұрғын алабындағы «Шымкент» каналы бойында «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шарасын ұйымдастырды.

Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді, - деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.

Сондай-ақ Нұрсәт шағын ауданының тұрғындары мен еңбек ардагерлері «Таза аула» ұранымен шығып,  құрсайлық тұрғындар  халықаралық А2 автодәлізі бойын тазалады.

Тазалық адамның ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өзіміздің, өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек, - деді Тұран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды.

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама