Астана мен Алматыға көшіп келушілердің саны азаяр емес
Биыл елімізге жалпы 14 мың адам көшіп келген
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Астана мен Алматыға көшіп келушілердің саны азаймай тұрғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Биыл қаңтар-маусымда ішкі көші-қонға 688 мың адам қатысты. Оның ішінде облысаралық қоныс аударуда – 307 мың адам, мегаполистер ішкі мигранттарды тарту орталығы болып қалып отыр. Мысалы, осы кезеңде Астанада тұрақты тұру үшін 64 мыңнан аса адам, Алматыға 60 мың адам, Шымкентке 31 мың адам көшіп келді, - деді Асқарбек Ертаев.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанға 14 мың адам келіп, 7 мың адам көшіп кеткен. Көші-қон өсімі негізінен ТМД мен Қытайға тиесілі.
Вице-министр көшіп келушілердің басым бөлігі білімді екенін жеткізді.
Білім деңгейі бойынша оң сальдо қалыптасты. Мысалы, елімізге білімді адамдар көбірек келгені байқалады. Бұдан басқа, техникалық мамандықтар – плюс 686 адам, педагогикалық мамандықтар – плюс 215 адам, экономикалық мамандықтар плюс 200 адамға тең болды, - деді министрдің орынбасары.