Жыл басынан бері 1,4 мың тексеру жүргізілді
Алматы облысында жыл басынан бері жол-коммуналдық ұйымдардың 236 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметовтың айтуынша, жол қозғалысы жағдайларын жақсартуды және жолдардың барлық конструктивтік элементтерінің жай-күйін бағалауды талап ететін учаскелерді анықтау мақсатында облыстық әкімшілік полиция басқармасының полицейлері көше-жол желісіне тұрақты негізде тексеру жүргізіп отырады.
Тек жыл басынан бері 1 404 зерттеу жүргізіліп, олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті ұйғарымдар шығарылды. Жол-коммуналдық ұйымдардың 236 лауазымды адамы автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Еркебұлан Ахметов.
Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 21 жауапты қызметкерге қатысты іс-құжат тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Бүгінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әкімшілік полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері біз 1400-ден астам зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жол белгілері, 16 бағдаршам нысаны, 12 жарпылдауық, 173 жасанды жол кедергісі, 1460 жол қоршауларының погонды метрі, 908 шаршы метр шулы жолақтары, сондай-ақ 22 бағдаршам нысаны жасанды жарықтандырумен жабдықталған, – деп толықтырды Еркебұлан Ахметов.