Құрманың ішіне есірткі жасырған күдікті ұсталды
Тыйым салынған заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді
Өскеменде №22 түзеу мекемесіне есірткі өткізбек болған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің дерегінше, түрмеде жазасын өтеп сотталушының танысы оған есірткі бермек болған.
Есірткі кәмпит мен круасан, құрма және ылғалды майлық ішіне жасырылған. Алайда Ұлттық ұлан қызметкері мен түзеу мекемесінің мамандары заңсыздыққа жол бермеді. Олар есірткі жасырылған 12 пакетті анықтады. Онда өзіне тән иісі бар, жасыл түсті ұнтақ болған.
Сәлем-сауқат өткізу бөлмесінде ұсталған ер адам Алматы қаласында тұратыны анықталды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды.
Тыйым салынған заттар тәркіленіп, сот-химиялық сараптамасы тағайындалды.