Бұған дейін штаб мүшелері еліміздің бірқатар өңірін аралаған болатын
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Атырауда ғалымдармен, сарапшылар қауымдастығымен, ЖЭО қызметкерлерімен, өндірушілермен, мұнай-газ және химия өнеркәсібінің өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде профессор-оқытушылар құрамымен және өңірдегі жоғары оқу орындардың жас ғалымдарымен кездесу өтті. Штаб мүшелері бүгінде Президент тапсырмасы бойынша ғылымды дамытуға және ғалымдарға әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсету мәселесіне мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Қазір ғылыми қоғамдастықтың алдында өнеркәсіптік өндіріске инновациялық технологиялар мен әзірлемелерді енгізуге қатысты үлкен міндет тұр.
Бәріміз де еліміздің ғылыми-техникалық прогреспен қатар дамығанын қалаймыз. Атом электр станциясы осы мүмкіндіктерді айтарлықтай кеңейтеді. Бұл – уақыт талабы және бұл мәселеде жайбасарлық танытуға болмайды. Сондықтан, Атырау өңірінің өздеріңіз сияқты көзі ашық, көкірегі ояу қайраткер, ғалым азаматтары осы бастаманы қолдауға бір ауыздан үндейді деп сенемін, – деді Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов қатысушыларға қарата айтқан сөзінде.
Ғалымдар алдында депутаттар Д.Тұрғанов, А.Сарым, Р.Заитов сөз сөйлеп, АЭС – әлемдік тренд әрі ел алдында тұрған бүгінгі сын-қатерлерге жауап екенін айтты. 2050 жылға қарай жаһандық атом энергетикасының көлемі үш есе өседі. Мәжілісмендер барша отандасымыздың алдағы референдумға қатысуы өз еліміздің болашағын өзіміз айқындау мүмкіндігі ретіндегі маңызына ерекше назар аударды. Сондай-ақ олар жаңа саяси мәдениет дәл осылай қалыптасатынын, ал бейбіт атом қалалардағы күрделі экологиялық жағдайды шешуге мүмкіндік беретінін атап һтті.
Өз кезегінде, Ядролық физика институтының бас директоры С.Сахиев, Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы А.Тоқтаров жаңа буынды атом реакторларының қауіпсіздігі мен экологиялық тұрғыда тазалығына, АЭС салуға қажет еліміздегі жоғары кадрлық және ресурстық әлеуетке егжей-тегжейлі тоқталды.
Атырау ЖЭО ұжымымен кездесуде штаб мүшелері ТКШ жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуі үшін тұрақты әрі сенімді энергия көзі қажет екенін айтты. Бүгінде Атырау облысы ең жоғары жүктемелер кезінде көп жағдайда Ресейден жеткізілетін энергияға тәуелді. Қыруар қаржылық шығындардан бөлек, энергия жетіспеушілігі өндірістік міндеттерді де шешуге мүмкіндік бермейді. Жуырда еліміздің батыс өңірлерін бірыңғай энергия жүйесіне қосу жұмысы басталады. Бұл АЭС энергиясын пайдалануды қамтамасыз етіп, өңірдің шетелдік жеткізушілерге тәуелділігін жояды.
Республика аумағында пропилен өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі саналатын «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС зауытында Штаб мүшелері мұнай-газ және химия өнеркәсібі өкілдерімен АЭС құрылысының прогрессивтілігін талқылады. Мемлекет басшысы нағыз еңбек адамдарына айрықша көңіл бөліп, келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны ерекше атап өтілді. Жоғары технологиялық өнеркәсіптік өндірісті одан әрі дамытудың және Президенттің 2029 жылға қарай елдегі ЖІӨ-ні екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындаудың басты факторы – сенімді әрі тұрақты энергия көзі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АЭС ірі өнеркәсіптік өндірістердің қажеттілігін толық жабады. Зауыт қызметкерлері, мұнай-газ және химия өнеркәсібінің өкілдері бейбіт атомды пайдалануға қатысты бірауыздан қолдау білдірді.
Бұдан соң штаб мүшелері «Дәулет» индустриялық аймағы кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Мұнда киім тігетін, нан, кондитерлік өнімдер, макарон өнімдерін, ет консервілерін, ауыз су, құрылыс қоспаларын және тағы да басқа заттарды өндіретін компаниялар жұмыс істейді. Өзге өңірлердегі секілді мұндағы бизнес өкілдері де қазіргі энергия тапшылығы жаңа технологияларды іске қосуға мүмкіндік бермейтінін және өндірістің дамуын тежейтінін мәлімдеді. Көптеген перспективалы жобалар электр энергия тапшылығына байланысты жүзеге асырылмауда. Сондықтан кәсіпкерлер АЭС құрлысына айрықша қолдау білдірді.