Halyq Uni логотип
×

Президент Ішкі істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысына елдегі қылмыстық жағдай баяндалды

 Динара Амантай 19.09.2024 | 16:51
Президент Ішкі істер министрін қабылдады
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалып отыр. Атап айтқанда, қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 4 мыңға, соның ішінде қылмыс 7 мыңға азайған. Қоғамдық орындарда жасалатын және кәмелетке толмаған азаматтардың қатысы бар құқықбұзушылықтар төмендеген. Сонымен қатар қылмыстың барлық түрін ашу көрсеткіші жақсарған.

Мемлекет басшысына ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кадрлық әлеуетті арттыру жөнінде бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды.

Министр «Заң және Тәртіп», құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын іске асыру, сондай-ақ қылмыстың алдын алу шаралары туралы айтты. Жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесу көрсеткіші 45 пайызға ұлғайған, соның ішінде ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылғандар 30 пайызға, жол жүру ережесін бұзу фактілерін анықтау 47 пайызға артқан. Осылайша, жүргізуші куәлігінен айырылғандар саны екі есе көбейген.

Бұдан бөлек, президентке қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдай туралы ақпарат берілді.

Кездесу соңында мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама