Алматыда 1,5 мыңнан астам мопед айыппұл тұрағына қойылды

Динара Амантай

Жыл-басынан бері 523 жол-көлік оқиғасы болды

Фото: polisia.kz

Алматыда 1,5 мыңнан астам мопед мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматыда мопедтер, самокаттар, скутерлер кеңінен пайдаланылады. Бірақ, өкінішке қарай көліктің бұл түрін жүргізген кезде жүргізушілердің көбі қарапайым жол қозғалысы ережелерін сақтамайды немесе оларды елемейді. Осылайша, олар жолдарда апатты жағдайларды тудырады, бұл көбінесе қайғылы салдарға немесе адамдардың жарақат алуына әкеледі. Өткен күнгі осындай апаттардың бірі мопед тізгіндеген 19 жастағы жасөспірімнің өліміне әкеліп соқты, – деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің командирі Оралбек Ахимов.

Спикердің айтуынша, осы жылдың басынан бері Алматыда мопед жүргізушілерінің қатысуымен 523 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 535 адам жарақат алып, 11 адам қаза тапқан. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 19 мыңнан астам мопед пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандандырылған айыппұл тұрағына 1,5 мыңнан астам мопед қойылған.

Құрметті жүргізушілер, көлік құралдарының қауіптілігі жоғары. Көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерінің барлық талаптарын орындап, абай болу керек. Бұл ЖКО-дан, жарақат алудан және әртүрлі қайғылы салдардан аулақ болуға мүмкіндік береді, – деп ескертті Оралбек Ахимов.