Halyq Uni логотип
×

«Патриотизмге ерекше мән беріледі»: Қорғаныс министрлігінде жастарға тәрбие беру мәселесі талқыланды

Әдістемелік базаны және ақпараттық қамсыздандыруды дамыту шаралары қаралды

 Динара Амантай 18.09.2024 | 17:17
«Патриотизмге ерекше мән беріледі»: Қорғаныс министрлігінде жастарға тәрбие беру мәселесі талқыланды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің өкілдері ардагерлердің қоғамдық бірлестіктері басшыларымен кездесіп, жастарға патриоттық тәрбие беру, жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министрліктің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, қарулы күштердің және басқа да әскери қызметкерлердің жағымды кейпін қалыптастыруға байланысты жұмыста ардагерлер қоғамы мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық маңызды рөл атқарады.

Біз жастар арасында патриотизмді дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Қорғаныс министрлігі аталмыш бағытта бірқатар маңызды практикалық шара қабылдауды қолға алды. Осы салада жергілікті атқарушы органдармен, түрлі мәдени орталықтармен және ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп, әртүрлі әскери-патриоттық іс-шаралар өткізіп жатырмыз, – деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру жолында жастардың арасында жаңа үлгідегі патриотизмді қалыптастырумен байланысты мәселелерді дамытуға стратегиялық басымдық беріліп отыр. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2023 жылы 24 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Жастарды 2030 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы» бекітілген. Тұжырымдамада жастарға қатысты жүргізілетін жұмыстың түрлері мен әдістерін жетілдіру бойынша, аталмыш саланың ұйымдастырушылары мен мамандарының кәсіби тұрғыда даярлығы деңгейін арттыру бойынша, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие беруге байланысты әдістемелік базаны және ақпараттық қамсыздандыруды дамыту жөнінде жүргізілетін шаралар айшықталып жазылған.

Ведомство өкілдерінің ақпаратына сәйкес, жыл сайын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі «Айбынды әскер» акциясын, әскери қызметкерлер арасында «Әскер тарланы» байқауын, бұған қоса «Сарбаз сахнасы» әндер фестивалін, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалін және қоғамдық маңызға ие басқа да іс-шараларды өткізіп отырады.

Бүгінде республика бойынша 8 мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары, сонымен бірге «Смарт сарбаз» үйірмелері жұмыс істеп жатыр. Аталған ұйымдарға әскери-патриоттық бағыттағы қозғалыстардың 280 мыңнан аса тәрбиеленушісі жұмылдырылған. Бұл жалпы білім беру мекемелерінде оқитын балалардың жалпы санының 7,2 %-ын құрайды, – делінген министрлік хабарламасында.

Жиынға қатысқан Qazaqstan ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл жастарды патриотизмге тәрбиелеуде әрі олардың Отан алдындағы міндетін орындауға дайындығын қалыптастыруда қоғамдық бірлестіктердің маңызды рөл атқаратынына назар аударды.

Сонымен бірге отырыс барысында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектеп оқушыларына әскери-патриоттық тәрбие беру ісін жетілдірудің жаңа әдіс-тәсілдері жөнінде баяндама жасады.

Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Анафин өзге мемлекеттер территориясында болған ұрыс-қимылдардың ардагерлеріне қатысты іске асырылатын әлеуметтік қорғау шараларына тоқталды.

Жиын соңында генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қазақстандық жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде қосқан үлесі үшін бірқатар ардагерге Қорғаныс министрінің атынан алғыс хаттар табыстады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама