Жаңа өңірге Мәжілістің бұрынғы депутаты Берік Әбдіғалиұлы басшы болып келді
Бұған дейінгі Қарағанды облысы екіге бөлініп, Ұлытау облысы пайда болды. Ел орталығындағы жаңа аймақты Берік Әбдіғалиұлы басқаратын болды. Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалсын,
— делінген Президент жарлығында.
Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылы 18 қыркүйекте сол кездегі Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша бітірген. Тарихшы, тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы. Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, саяси ғылымдарының кандидаты.
Осы кезге дейін Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі, "Архив-2025" ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы, "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, ҚР Ұлттық музейі директорының кеңесшісі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері болды.
Сондай-ақ ол әр жылдары Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының, Жезқазған қаласының және Қостанай облысындағы Арқалық қаласының әкімі болған.
Айта кетейік, Ұлытау облысына Жезқазған (облыс орталығы), Қаражал және Сәтбаев қалалары, сондай-ақ Жаңаарқа, Ұлытау аудандары кірді. Ал Қарағанды облысының құрамында Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск және Приозёрск қалалары, Абай, Ақтоғай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандары қалды.