Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған
Астанада 5 адамның өліміне себепкер болған жатақхана иесіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетсек, елордада барак типіндегі екі қабатты жатақхананың бірінші қабатында өрт болып, салдарынан 3 кәмелетке толмаған бала мен 2 ересек адам қайтыс болды. Жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша жәбірленушілердің өлімі көміртегі тотығымен уланудан болғандығы анықталды.
Тергеуді Астана қаласы ТЖД анықтаушылары жүргізді. Ақпаратқа сәйкес, жатақханадағы бөлмелер жалдау шарттары мен басқа құжаттарды жасамастан жалға берілген. Жатақхана иесі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды елемеген.
Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қылмыстық істі қарау нәтижесінде сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру, коммерциялық және басқа да мекемелерде өрт қауіпсізді талаптарын сақтау бойынша басқару функцияларын атқаруға 3 жылға тыйым салу жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.