Мәскеу бұлайша қару-жарақ жеткізу НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды
Еуропалық Одақ Киевке 1 миллион оқ-дәрі жеткізу жөніндегі өз міндеттемесінің 70 пайызын орындаған. Бұл туралы Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис Страсбургтегі Еуропарламенттің пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Еуроодақ Украинаны миллиондаған оқ-дәрімен қамтамасыз ету бастамасын іске асыруды жалғастырып жатыр және одақ бұл тапсырманы 70% орындады, - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, Еуроодақ пен оған мүше елдер осы уақытқа дейін Украинаға әскери көмек ретінде 43,5 миллиард еуро бөлген. Оның ішінде 6,1 миллиард еуро Еуропалық бейбітшілік қорынан берілді.
Сондай-ақ Валдис Домбровскис 155 калибрлі снарядтар өндірісін кеңейтуге бағытталған бастаманың да іске асырылып жатқанын айтты.
Еуроодақ елдері 155 калибрлі оқ-дәрілердің өндірісін жылына 1,4 миллионға дейін ұлғайтты, - деді ол.
Еуропалық комиссияның вице-президенті тамыздың соңында Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррельдің Украина әскерилері үшін ЕО даярлау миссиясын кеңейту және даярланған сарбаздар санын 60 мыңнан 75 мыңға дейін арттыру туралы шешімін де растады.
Бұған дейін Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель еуропалық елдерде Украинаға жеткізілетін жүктердің кесірінен әскери резервтер таусылғанына шағымданған болатын.
Ал Мәскеу Украинаға қару-жарақ жеткізу жағдайды реттеуге кедергі келтіреді, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды. Ресей бұған дейін Украинаға қару-жарақ жеткізілуіне байланысты НАТО елдеріне ескерту жіберген. РФ СІМ басшысы Сергей Лавров Украинаға қару-жарақ жіберген кез келген жүк Ресей үшін заңды нысана болатынын мәлімдеді.