×

Ербаян Мұхтар ісі: жәбірленуші тарап тергеу тобы мүшелерін көрмеген

Ал істе әлі күнге бір де бір күдікті жоқ

 Ербол Тұрымбет 17.09.2024 | 16:56
Фото: Halyq Uni

Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты қоғамдық қорғаушысы Инга Иманбайдың айтуынша, тергеу тобы құрылғанымен, жәбірленуші тарап тек Уәлихан Қыдырбайдан басқа мүшелерін әлі көрмеген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Үш айдан астам уақытта сол тергеушінің өзін екі-ақ рет көрдік. Осы аралықта екі ғана тергеу әрекеті болды. Бірі – анасынан қосымша жауап алу, екіншісі, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен сот-медициналық техникалық сараптама, қазір оның қорытындысын күтіп отырмыз, – дейді ол.

Оның сөзінше, үш ай бұрын әскерилердің ішкі тексерілуі нәтижесінде «бала өзі құлады» деген желеумен іс жабылып тұрған. Ал шын мәнінде бір басының өзінде 5 жарақат. Медицина сарапшыларының айтуынша, бір құлағаннан бірден осынша жарақаттың болуы мүмкін емес.

Ал тексеруді қарасақ, түнгі сағат 02:00-де әжетханада және әжетхананың қасында неге екені белгісіз 7-8 адам жүр. Ішінде бір сержант пен тағы бір әскери адам отырады. Сарбаздар 1-2 минут сайын әжетханаға кіріп-шығады. Кейбірі мұрнынан қан ағып, мұрнын басып шығады. Ербаянға қатысты жағдай болғаннан кейін оны қан-қан күйінде сол әжетханадан шығарып алып кетеді. Содан кейін неге екені белгісіз, бір сержант сол жерден қолында белдікпен шыққан. Осы видеоны, Ербаянға қатысты медициналық жарақаттың бәрін көре тұра, әскерилердің істі «өзінен-өзі құлады» деп тоқтатып тастағаны күмән ұялатады, – дейді Инга Иманбай.

Оның айтуынша, істе әлі бір де бір күдікті жоқ. Әлгі әжетхананың маңында болған 7-8 адамның бәрі куәгер ретінде ғана тіркелген. Сондықтан оларп тек оқиға болған күн ғана емес, жалпы бір ай ішіндегі видеоларды алдыруды сұрап отыр.

Оның үстіне, азаматтық клиникадан әскери клиникаға неге ауыстырылғаны, ота қалай жасалғаны жөнінде жәбірленуші тарап еш хабарсыз екенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама