Футболдан Қазақстан құрамасы Беларусьпен тең түсті
Енді Қазақстан 13 маусымда өз алаңында Словакияны қабылдайды
UEFA Ұлттар лигасының үшінші турында Қазақстан кезекті ойынын сырт алаңда Беларусь құрамасына қарсы өткізді.
Ойын барысында қазақстандық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде бірінші кезеңнің 13-минутында Абат Айымбетов мергендігімен көзге түсті. Бұл - Абаттың аталған турнир барысында соққан үшінші голы. Бұдан бұрын өз алаңындағы Әзербайжанмен кездесуде ол қос голдың авторы атанған болатын.
Екінші кезеңде Беларусь құрамасы таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 85-минутында беларусьтік Владислав Малькевич гол соғып кетті. Осылайша, бұл матч 1:1 есебімен аяқталды.
Енді Қазақстан 13 маусымда өз алаңында Словакия құрамасын қабылдайды. Үш ойыннан кейін Қазақстан 7 ұпаймен көш басында келеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын С лигасы үшінші тобында Қазақстан Әзербайжан мен Словакияны 1:0 есебімен тізе бүктірген болатын.