Halyq Uni логотип
×

Кадр тапшылығы: педагогтерден құжат қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталды

Байқау екі кезеңнен тұрады

 Динара Амантай 17.09.2024 | 13:29
Кадр тапшылығы: педагогтерден құжат қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталды
Фото: Halyq Uni

Кадр тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартудың арнайы бағдарламасына қатысуға құжат қабылдаудың бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бағдарлама Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында іске асырылып жатыр. Аталған өңірлерге математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет.

Бағдарламада педагогтерді қолдаудың бірқатар шаралары қарастырылған: 150%-ға дейінгі мөлшерде ынталандырушы қосымша ақы төлеу, сондай-ақ арнайы бағдарламаға қатысушы ЖОО түлектеріне «педагог-модератор», ал «педагог-сарапшы» мен «педагог-зерттеушіге» бір саты жоғары біліктілік санатын беру.

Конкурсқа тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік білімі бар педагогтер, біліктілік санаттары бар педагогтер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi тұрғылықты жеріне қарамастан қатыса алады. Байқаудан іріктеліп, төрт облыстың біріне қоныс аударған мұғалімдердің балалары балабақшада, орта мектепте орынмен қамтылады және олармен еңбек шарты 5 жылға жасалады, – деді орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Байқау екі кезеңнен тұрады: компьютерлік тестілеу, эссе жазу, сондай-ақ әңгімелесуден өту. Тестілеу мен эссе жазу онлайн форматта еліміздің 17 өңірінде НЗМ базасында қатысушының таңдауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өтеді.

Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті өңірлердің облыстық білім басқармалары жанынан үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан конкурстық комиссия құрылады. Бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша 45 адам құжат тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама