Ұлының оқу ақысын кәсіпкерлерге төлеткен басқарма басшысына сот үкімі шықты

Динара Амантай

Ол өзінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды

Фото: Halyq Uni

Қызылорда қалалық соты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Д. Әбсаттаровқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Антикор мәліметінше, басшы бизнес өкілдеріне ұлының 1,4 млн теңге көлемінде оқу ақысын төлетіп, құны 6,8 млн теңге дизель отынын беруге мәжбүрлеген. Осылайша ол өзінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

Бұған қоса шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы кәсіпкерлерге 26,9 млн теңге сомасында залал келтіре отырып, заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасаған.

Сот үкімімен Әбсаттаровқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, сондай-ақ мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалінен айыру туралы ұсыныс енгізілді, – делінген Антикор хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енді.