Ол бюджет қаржысын жымқырған
Маңғыстауда спорт мекемесінің бас есепшісі сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ұлттық спорт түрлері орталығының бас есепшісі 2018-2023 жылдар аралығында 117 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын заңсыз иемденген.
Аталған факт облыс прокуратурасымен тергеліп, нәтижесінде қылмыстық іс ҚК-тің 371-бабының 2-бөлігі («Салғырттық») және 189-бабы 4-бөлігімен («Жымқыру») сотқа жолданды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сот үкімімен мекеме басшысы өз мiндеттерiн тиісінше орындамау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, «ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес қылмыстық жазадан босатылған, ал бас есепші бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.