Елімізде азық-түліктің жеткілікті қоры бар
Сауда және интеграция министрлігі жәрмеңке мен республикалық көрме өткізудің стандартын әзірлеп бекітті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство мәліметінше, Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңес өтті.
Жәрмеңке мен көрме өткізу стандартын бекіту – Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген ішкі сауда ережелерінің бір бөлігі. Министрлік стандарттың 5 түрін анықтады: маусымдық жәрмеңке (мектеп құралдары, көмір, шөп және тағы басқа), тақырыптық (отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін), ауыл шаруашылық (тұрғындарға қолжетімді бағамен ауыл шаруашылық тауарлары), мерекелік (мемлекеттік мерекелерді тойлауға арналған), аймақтық мамандандырылған көрмелер (көрмеге бірнеше аймақтың қатысуы).
Әрбір жәрмеңкеге арналған күнтізбелік кесте және өткізу мерзімі белгіленді. Мысалы, ауыл шаруашылық жәрмеңкелері аудандарда кемінде 2 аптада бір рет, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда аптасына кемінде бір рет өткізілуі керек. Сауда орындары тегін беріледі. Іс-шараға қатысқысы келетіндердің барлығы онлайн өтінім бере алатындай ұйымдастыру процесін цифрландыру қажет. Ауыл шаруашылық, мерекелік және маусымдық жәрмеңкелердегі баға нарықтан төмен болады, - деді Айжан Бижанова.
Премьер-министрдің орынбасары елордада ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізудің әлеуметтік маңызын атап өтіп, әкімдікке күзде жәрмеңкелерді тез ұйымдастыруды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов елімізде 725,8 мың тонна азық-түлік қоры барын айтты. Ішкі нарықтың қамтылуын бақылау 29 азық-түлік өнімі бойынша жүргізіліп жатыр (қой еті, сиыр еті, көкөніс, қышқыл сүт өнімі, жарма, күнбағыс майы және тағы басқа). Олар ӘКК қоймаларында, сауда желілерінде, ауыл шаруашылық өндірушілерінде, ірі көтерме жеткізушілерде сақталады.
Егін жиналып жатқаны ескерсек, халықты негізгі азық-түлік өніммен қамтамасыз етуге жеткілікті қор бар, - деді Азат Сұлтанов.