Алмасадам Сәтқалиев халықаралық конференцияды осындай ұсыныс жасады
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Венада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) Бас конференциясының 68-ші сессиясында биыл еліміздің АЭХА-ға қосылғанына 30 жыл толатынын атап өтіп, Қазақстан өз тарапынан атом өнеркәсібін дамытудағы теңгерімді көзқарасты ұстанатынын және таратпау режимін нығайтуға өз үлесін арттыруға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, Үлбі металлургия зауытының аумағында АЭХА-ның бірегей Төмен байытылған уран банкі табысты жұмыс істеп келеді. Онда мүше мемлекеттер үшін соңғы шара ретінде төмен байытылған уран отынының (ТБУО) стратегиялық қоры сақталады.
Сондай-ақ, еліміз жоғары байытылған уран отынын төмен байытылған уран отынына айналдыруға бағытталған ғылыми-зерттеу реакторларын конверсиялау жобаларын іске асырып отыр. Сөйтіп, оны таратпау саясатын ұстанып келеді.
Министрлік мәліметінше, адамдардың өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуда атом өнеркәсібі де маңызды рөл атқарады. Радиофармацевтикалық препараттар қатерлі ісік, жүрек-тамыр және неврологиялық ауруларды қоса алғанда, ауруларды диагностикалауда қолданылады. АЭХА техникалық ынтымақтастық жобасы аясында Қазақстанның Ядролық физика институты радиофармацевтикалық препараттарды дамыту бойынша жұмысты жалғастыру үстінде.
Ядролық зерттеу реакторлары мен радиофармпрепараттар өндірісі саласындағы жинақталған тәжірибемізді назарға ала отырып, мен АЭХА-мен бірлесіп Қазақстандағы зерттеу реакторлары бойынша келесі халықаралық конференцияны өткізуді ұсынғым келеді, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Сондай-ақ, министр АЭХА-ның өзекті мәселесіне қатысушылардың назарын аударды. Қазір АЭХА-ға мүше 14 мемлекет Басқарушылар кеңесі мен Бас конференцияға сайлану негізгі құқығынан айрыла бастаған.
Қазақстан соңғы Бас конференцияда мүше мемлекеттердің басым көпшілігі қабылдаған Агенттікте егеменді теңдікті қалпына келтіру туралы қарарға бастамашы болды. Ол қабылданғаннан бері аумағы шектеулі мүше мемлекеттер саны 17-ден 14-ке дейін қысқарды, бірақ мәселе таусылған жоқ. Осыған байланысты біз мүше мемлекеттерді осы қарарды және өздерінің халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырамыз,в – деді
Алмасадам Сәтқалиев.
Оның сөзінше, Қазақстан бұл мәселемен түпкілікті шешілгенге дейін айналыса береді.