Алматыда жеке сот орындаушылары жауапқа тартылды

Динара Амантай

75 млн теңгеден астам қаржы өндірілді

Фото: Halyq Uni

Алматыда жеке сот орындаушылары жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала прокуратурасының мәліметінше, әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттардың заңдылығына тексеру жүргізіліп, жеке сот орындаушыларының мыңнан аса борышкерге қатысты олардың банктік шоттарын және мүлкін бұғаттау жөнінде шаралар қабылдамағаны анықталды. Сондай-ақ, жалақыдан берешекті ұстап қалу жүргізілмей, елден тыс жерлерге шығуға шектеу қойылмаған.

Аталған заңбұзушылықтар борышкерлердің сот актілерін орындаудан ұзақ уақыт бойы жалтаруына және бюджетке тиісті қаражат түспеуіне әкеп соққан. Осылайша жазаның бұлтартпастық қағидаты бұзылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қадағалау актісі бойынша 50 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 ЖСО-ға қатысты палатадан шығаруға бастама жасалды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 75 млн теңгеден астам қаржы өндірілді.