Halyq Uni логотип
×

Енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына ғимарат салуға болмайды

Қалада кейінгі 6 жылда халық саны 60 мың адамға өсті

 Дәурен Ерболат 16.09.2024 | 12:16
Енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына ғимарат салуға болмайды
Фото: Halyq Uni / Айгерім Таубай

Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жиында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беруді тапсырғанын айтып өтті.

Заң жобасын әзірлеу барысында бірнеше фактор ескерілген:

  • Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы;
  • Қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау;
  • Түркістан қаласы халық санының тез өсуі, яғни кейінгі 6 жылда халық саны 60 мыңға өсті.

Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Құжаттың мақсаты мен міндеті де айқындалған:

Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану;

Қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау – заң жобасының негізгі қағидаты.

Заң жобасының негізгі новеллалары:

1. Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру;

2. Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындардың бір бөлігін бюджеттен өтеу;

3.  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау.

Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метр қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді;

4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру.

5. Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру.

Заң жобасы аясында Түркістан қаласы әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет берілетінін айтты. Осылайша, қала мәслихаты бекіте алады:

  • Қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын;
  • Сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын;
  • Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын;
  • Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын;
  • Көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын;
  • Түркістан қаласының аумағында нышанды пайдалану тәртібін.

Сондай-ақ аталған құжат аясында Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама