2 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтті
Солтүстік Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылысы толық аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 1394 үй сатып алынып, 1899 үй күрделі жөндеуден өткен. Петропавлда 700 үй салынып, жаңа «Бірлік» шағын ауданын құрылады. Бүгінде онда тағы 173 үйдің құрылысы аяқталды. Баспана кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсіміне премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.
Тұрғындарға төзімділік танытқаны үшін және аймақты қалпына келтіруге атсалысқан барлық бизнес өкілдеріне, атап айтсақ, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Бидахметұлы Жәмішевке, «Kazakhmys» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Викторович Огайға, «Kaspi» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Константинович Кимге, «KAZ Minerals Management» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Николаевич Новачукке алғыс айтқым келеді. Сіздерсіз біз мұндай ауқымды құрылысты 3,5 айда бітіре алмас едік, — деді премьер-министрдің орынбасары.
Бүгінде жаңа «Бірлік» шағын ауданында «Kaspi» компаниясы балабақша құрылысына демеушілік етіп, 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Жақында ықшам ауданға асфальт жол төселіп, автобус қатынайтын болады.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен бірге су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындары жаңа және жөндеуден өткен үйлеріне толығымен қоныстанған.