×

Қарағандыда есірткі таратқан жүкті әйелдер мен балалар ұсталды

Жыл басынан бері 53 күдікті анықталған

 Дәурен Ерболат 16.09.2024 | 09:31
Фото: Halyq Uni

Қарағандыда полиция мен студенттер бір күнде 4 мыңнан аса есірткі жарнамасын жойды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қалада есірткінің таралуына қарсы күресті және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды акция өтті. Оған мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішінде Қарағанды қаласы полиция басқармасының қызметкерлері, Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары, Жастар ресурстық орталығының еріктілері, 4 университеттің (ҚарМУ, ҚЭУ, ҚарМТУ, ҚМУ) студенттері қатысты. Нәтижесінде бір күнде 4200-ден аса есірткі жарнамасы жойылып, 3 мыңнан аса жадынама мен буклет таратылды.

Қарағанды облысы ПД басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин жыл басынан бері полицейлер есірткі сатқаны үшін 71 қылмыстық іс қозғалғанын, оның 40 дерегі есірткі жарнамасымен байланысты екенін атап өтті.

Сондай-ақ есірткі таратқан 53 адам ұсталған. Олардың арасында 2 жүкті әйел, көпбалалы ана, 4 студент және 8 бала болды.

Қарағанды облысы ПД мәліметінше, 15 кыркүйекте қаладағы теміржол секторында есірткі жарнамасын жазумен айналысқан 36 жастағы теміртаулық ұсталды.

Оның Сочинская және Достық көшелеріндегі ғимараттарда есірткі жарнамасын жазғаны (граффити) анықталды. Қазір күдіктінің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция күдіктінің осыған ұқсас құқық бұзушылыққа қатысын анықтап жатыр, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, жыл басынан бері полиция 10 мыңға жуық есірткі жарнамасын жойды. Тәртіп сақшылары мұндай жарнама үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама