Ақтөбедегі түрмеде полицияға қол көтерген бұзақының үстінен тағы да іс қозғалды
Бұдан бұрын ол уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен болатын
Ақтөбеде полиция қызметкерімен жанжалдасып, уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен ер адамға жаңа үкім шықты, деп хабарлайды Halyq Uni «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Былтыр сәуірде Ақтөбе қаласының 20 жастағы тұрғыны Илья К. бұзақылық жасап, уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткені үшін 3 жыл 3 айға сотталған. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін қашқын жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің №8 мекемесіне өтеуге жіберілді.
Мекемеде ол қауіпсіздік бөлімінің жедел қызметкерімен қақтығысқа байланысты тағы жаза арқалады. Жеке тінту кезінде қызметкердің әрекетін ұнатпай, шынтағымен иығынан ұрып, кейін балағат сөздер айтып, соңында погондарын, бейнетіркегішін жұлып алып, оларды таптай бастаған.
Сотталушыға қатысты «Мекеме қызметкеріне күш қолданамын деп қорқыту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ақтөбенің қылмыстық істер жөніндегі сотында іс қаралды. Айыпталушы қызметкердің өзі бірнеше рет аты-жөнін сұрап, өзіне дөрекі сөйлегенін алға тартты.
Тұтқынның агрессивті мінез-құлқына байланысты наряд шақыруға мәжбүр болды. Сот жас сотталушыны ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, уақытша ұстау изоляторынан қашқаны үшін өтелмеген жазасын ескере отырып, ақыры оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, – делінген хабарламада.