Жамбылдық шаруалар қант қызылшасын қайда өткізерін білмей отыр
Биыл әр гектарынан 950 центнерден өнім алынған
Жамбылдық шаруалар қант қызылшасын биыл жылдағыдан 3 есе көп жинады. Бірақ өнімді өткізе алмай жүр. Өйткені өңірде бір ғана қант зауыты бар. Енді диқандар дақыл далада қала ма деп алаңдаулы, деп хабарлайды Halyq Uni «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Өнім мол, өткізетін жер жоқ. Биыл ауа райы қолайлы болғандықтан қант қызылшасының әр гектарынан 950 центнерден өнім алынған. Ал оны қабылдайтын зауыт тек Меркі ауданында.
Бір комбайн күніне 100 тонна жүреді де болды, тұрады, демалады. Өйткені мына жақ «қабылдап үлгере алмаймыз, сыймайды» дейді. Қазір біздің ауданға 400 тонна лимит берді. Ауданда 1 500 га егілген. Оны зауыт күніне 400 тонналап қабылдаймыз дейді. Ал ол жаңа жыл, қаңтар айына дейін кетіп қалайын деп тұр. Қардың астында қалып қояды, - дейді қожалық иесі Ерболат Саурықов.
Меркі қант зауыты жақында ғана жұмысқа кіріскен. Оның өзінде қызылша қабылдауды биыл бір айға ерте бастағандарын айтады. Зауыт басшылығы өнімін өткізуге келген шаруаларды бөліп-жармай, барлығын қабылдауға күш саламыз деп отыр.
Биыл қызылша көбейіп, зауыт кішкене ертерек ашылып жатыр. Қуаттылығы – тәулігіне 2 мың тонна. Былтырғы көлем сол болды. Енді мына автоматтылық қосылып, кішкене көбейтейік деп жатырмыз, - дейді «Меркі қант зауыты» ЖШС-ның бас директоры Нұржан Қарғабаев.
Кәсіпорын дақылдың келісін 40 теңгеден қабылдап жатыр. Оның 25 теңгесі мемлекеттен, ал 15 теңгесі зауыт тарапынан төленеді. Зауыт өз межесіне жеткенде, артылған қант қызылшасын жақын аймақтардағы зауыттарға жөнелтпек.
Басым бөлігін Меркі қант зауытына, қалған бөлігін Ақсу қант зауытына тасымалдау жоспарланып отыр. Ақсу қант зауытына тасымалдау үшін жолына 45 теңге, келісіне 15 теңге төленеді. Қырғыз республикасына жөнелту қазір қарастырылып жатыр, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Лесбек.
Өңірдегі қант зауытының қуаттылығы 450 мың тонна болса, биыл аймақтан алынатын өнім 640 мың тоннадан асады деп отыр. Сондықтан артылған өнім Жетісу облысына жіберілмек. Бірақ қазір аймақта балтамыр тасымалына төленетін белгіленген тариф құны – 3 теңге. Шаруалар соны көтеруді ұсынады, себебі шығын ақталмайды дейді.